«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп» немесе «Компания») Астана қаласындағы кеңсесінде Компанияның Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов Үндістанның ядролық отын кешенінің (Nuclear Fuel Complex) өкілдерімен – Үндістанның еңбек сіңірген ғалымы, Ядролық отын кешенінің төрағасы және Бас атқарушы директоры доктор Дайнеш Сриваставамен (Dr. Dinesh Srivastava) және құрметті ғалым, Отын жөніндегі екінші бас директор Дебабрата Праманик мырзамен (Mr. Debabrata Pramanik) кездесті.
Кездесуде атом саласындағы қос тарап серіктестігінің әртүрлі аспектілері талқыланды. Компаниялардың басшылары Үндістанның атом энергетикасының қажеттіліктері үшін қазақстандық табиғи уранды жеткізу саласында Қазақстан мен Үндістан арасындағы өткен жылдардағы табысты ұзақ мерзімді ынтымақтастықты атап өтті.
Келіссөздер барысында екі елдің ұйымдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін беретін ядролық-отын циклінің түрлі салаларындағы өзара ықпалдастықтың алдағы перспективалары да қарастырылды. Тараптар болашақта атом саласындағы бірлескен жобаларды дамыту бойынша тығыз байланысты жалғастыруға келісті.
Үндістанның Ядролық отын кешенінің өкілдері Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытында болып, өндірістік процеспен танысты.