Астана, 16 тамыз 2018 ж. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі - Компания) Директорлар кеңесі құрамының өзгергендігі туралы хабарлайды. «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасы Компанияның Директорлар кеңесінің төменде көрсетілген жаңа құрамын бекіту жөнінде шешім қабылдады:
- Джон Дудас - Директорлар кеңесінің Төрағасы,тәуелсіз директор;
- Ғалымжан Пірматов – Басқарма Төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі;
- Нил Лонгфэллоу - тәуелсіз директор;
- Расселл Бэнхам - тәуелсіз директор;
- Алик Айдарбаев - Жалғыз акционер өкілі;
- Бейбіт Қарымсақов - Жалғыз акционер өкілі;
- Қанат Құдайберген - Жалғыз акционер өкілі.
2015 жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі болып табылатын Джон Дудас «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Осы уақытқа дейін бұл қызметті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин атқарып келді.
Анықтама
Джон Дудас тау-кен өнеркәсібі саласында 30 жылдан астам халықаралық басқару тәжірибесі бар жоғары білікті тау-кен инженері. BHP Billiton компаниясында алюминий бөлімшесінің Бас басқарушы директоры, IТ-директор, корпоративтік жоспарлау тобының директоры, маркетинг жөніндегі директор, көлік жөніндегі басшы қызметтерін атқарған. BHP Billiton компаниясы әлемдік уран нарығына шыққан кезеңде Д. Дудас уран бизнесін жүргізу стратегиясын әзірлеу және маркетинг үшін жауапты болды. 2013 жылдан бері ол тәуелсіз кеңесші ретінде халықаралық компаниялар мен қызмет жеткізіушілерге көмек ұсынады.
Ғалымжан Пірматов коммерциялық, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы үлкен еңбек тәжірибесіне ие. ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да, «Cameco Kazakhstan» компаниясында, ҚР Ұлттық Банкте шешуші басқарушылық лауазымдарда қызмет атқарған.
Нил Лонгфэллоу халықаралық атом өнеркәсібінде 26 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Ұзақ жылдар бойы British Nuclear Fuels Limited компаниясында қызмет етіп, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу бойынша келісімшарттарға жауапты болған. Сондай-ақ, Н. Лонгфэллоу Westinghouse Electric және Costain PLC компанияларында басқарушы қызметтер атқарып, ядролық, мұнай және газ салаларында ауқымды жобаларға жетекшілік жасаған. 2015 жылдан бері халықаралық ядролық секторда тәуелсіз кеңес беру қызметтерін атқарып келеді.
Рассел Бэнхэм корпоративтік және қаржылық басқару, тәуекел менеджменті бойынша үлкен тәжірибесі бар маман. Тау-кен өнеркәсібі, энергетика және ресурстар салаларында аудиторлық қызмет көрсететін «Andersen», «Ernst& Young», «Deloitte» сияқты компанияларда әріптес болған. Р.Бенхам MGM China Holdings Ltd және Wiggins Island Coal Export Terminal Pty компанияларының тәуелсіз атқарушы емес директоры болып табылады.
Алик Айдарбаев мұнай-газ саласы мен мемлекеттік қызмет жүйесінде үлкен тәжірибесі бар маман. Әр жылдары «Оңтүстікқазмұнайгаз» МАҚ, «Құмкөл-ЛУКОЙЛ» (кейін компанияның атауы «Торғай Петролеум» ЖАҚ деп өзгертілді), «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компанияларында басшылық қызметтер атқарды. Маңғыстау облысының әкімі және ҚР Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі болды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Бейбіт Қарымсақов қаржы саласында мол еңбек тәжірибесі бар маман. Салық құрылымдарында басшылық қызметтерін атқарды, «Астана ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры болды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры.
Қанат Құдайберген корпоративтік құқық саласында жұмыс тәжірибесі мол жоғары білікті маман. Уран өндіру өнеркәсібіндегі сервис және өндіру компанияларында басшылық қызметтер атқарған. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «Уран өңдеу» дивизионының басқарушы директоры болған. Қазіргі уақытта «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы Басқармасының Төрағасы болып табылады.